Статьи о пользе витаминов и пептидов
Ғалымдардың пікірінше, өмір сүру ұзақтығын арттыру емес, салауатты өмірді ұзарту маңызды.
Егде жас – көптеген ауыр дерттердің пайда болуының негізгі қауіп факторларының бірі.
Жүрек аурулары, қатерлі ісік, инсульт, неврологиялық аурулар, диабет – бұлардың барлығының пайда болу қаупі ағза қартайған сайын артады.
Адамның жасы қаншалықты үлкен болса, қандай да бір созылмалы аурулардың пайда болу ықтималдығы соншалықты жоғары болады.
Кейбір ғалымдар біз осы аурулардың барлығын бір уақытта емдей аламыз деп үміттенеді. Бірақ олардың басты мақсаты – қартаюдың өзін тоқтату.
Иә, адамдар мәңгі өмір сүру үшін жаратылмаған.
Бүгінге дейін ресми тіркелген ең кәрі адам 1997 жылы 122 жасында қайтыс болған француз әйелі Жанна Кальман (Jeanne Calment) болып табылады.
Болжамдар бойынша, 2040 жылы Испания азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 86 жылға жетеді және олар бұл көрсеткіш бойынша қазіргі рекордшы Жапонияны басып озады деп күтілуде.
Бұл ретте, адамның қолайлы жағдайларда қаншалықты өмір сүре алатындығы туралы күрделі әрі сан қилы даулар бар.
2016 жылы бір топ ғалымдар жоғарғы шек 115 жылды құрайды деп мәлімдеді. Бірақ таяуда ғана, егде жастағы итальяндықтар арасындағы өлім-жітім деңгейін зерттейтін зерттеушілер тобы ешқандай шектер мен шектеулер болуы мүмкін емес деген болжам жасады.
Жануарлардың қатысуымен жүргізілетін зерттеулер барысында соңғы бірнеше онжылдықта ғалымдар қартаюға себепші болатын өзіндік жасушалық және молекулалық процестерді түсіне бастады.
JAMA журналында жарияланған эсседе Майо клиникасының (Mayo clinic) өкілдері Тамара Чкония (Tamara Tchkonia) мен доктор Джеймс Л.Киркланд (James L.Kirkland) бұл процестерді төрт кең топқа бөлді:
-
Созылмалы қабынулар
-
Жасуша дисфункциясы
-
Бағаналық жасушалардағы өзгерістер (бағаналық жасушаларды тіндерді қалпына келтіруге қабілетсіз қылады)
-
Жасушалық қартаю (тіндерде кейіннен ауруларға шалдықтыратын қартаюшы жасушаларының жинақталуы)
Зерттеушілер кәрі жасушалардың тіндердің қабынуы мен бүлінуін күшейтетінін ақуыздарды, липидтер мен өзге заттарды жасап шығаратынын анықтады.
Тышқандарға жүргізілген бір зерттеу барысында бұл жасушаларды сау жануарлардың тізе буындарына отырғызу адамдағы остеоартритке қатты ұқсайтын ауруға шалдықтыратыны анықталды.
Дені сау жастарда мұндай жасушалар өте аз, бірақ 60 жастан асқаннан кейін олар жинала бастайды да, олардың санының өсуі денсаулықтың бұзылуына себепші болады.
Кәрі жасушаларды жойып, жас жасушаларды ғана қалдыратын қандай да бір препарат, құрал бар ма?
Иә, және қазіргі сәтте олардың кейбірі сынақтан өтуде.
Тышқандарға жүргізілген келесі бір зерттеу барысында кәрі жасушалардың екі препараттың комбинациясына, атап айтқанда қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек дасатиниб (dasatinib) пен өсімдік флавоноиды кверцетинге (quercetin) сезімталдығы анықталды.
Кәрі тышқандарда олар жүрек жұмысын жақсартып, жаттығу жасау кезіндегі шыдамдылықты арттырған, остеопороз белгілерін бәсеңдеткен және жалпы алғанда, сау әрі белсенді кәрілікті ұзартқан.
Басқа мақсаттар үшін мақұлданған кейбір дәрі-дәрмектер «сенолитиктер» ретінде сынақтан өтуде, бүгінде кәрі жасушаларды өлтіретін дәрілер осылай аталады.
Альберт Эйнштейн медицина мектебінің (Albert Einstein School of Medicine) медицина профессоры, доктор Нир Барзилай (Nir Barzilai) 60 жыл бойы диабетті емдеу үшін қолданылған және жасқа байланысты ауруларға қарсы тиімді екендігі дәлелденген метформинді зерттеуді жоспарлап отыр.
Егер дәрі-дәрмектер қартаюды «емдей» алса, қартаю ауру болып табыла ма?
Доктор Барзилай «жоқ» дейді.
«Мен де, Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы (Food and Drug Administration) да қарттықты ауру деп атауға мүдделі емеспіз. Біздің зерттеуіміз жасқа байланысты аурулардың, соның ішінде жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, танымдық аурулардың алдын алуға болатындығын және сайып келгенде, біздің өлімге әсер ете алатынымызды көрсетуі тиіс.»
Тағы бір препараттың құрамында никотиномид-адениндинуклеотид немесе Н.А.Д. деп аталатын кофермент бар. Ол электрондарды энергия өндірілетін митохондрияларға жылжыту арқылы жасушалық (тіндік) тыныс алуға қатысады.
Жас ұлғайған сайын Н.А.Д. деңгейі оны қанда анықтау мүмкін емес болатындай деңгейге дейін төмендейді.
Гарвардтың генетика профессоры Дэвид А.Синклер (David A.Sinclair) осы деңгейді жоғарылату әдістерімен жұмыс жасауда.
Ашытқыға, құрттарға, шыбындар мен тышқандарға жүргізілген зерттеулер барысында, «мұндай жоғарылату қартаюдың кейбір аспектілерін жылдам өзгертеді» дейді профессор. «Қазір адамдарға сынақтар жүргізілуде».
(Н.А.Д. қазірдің өзінде-ақ сатылуда, бірақ доктор Барзилай сияқты ғалымдар клиникалық деректер пайда болмайынша, өмірді ұзарту үшін нутрицевтиктерді (биологиялық белсенді қоспалар – редактор ескертпесі) немесе метформин сияқты танылған дәрі-дәрмектерді қабылдау нашар идея дейді.)
Осы саладағы еңбектері кеңінен жарияланған зерттеушілердің бірі, Чикагодағы Иллинойс университетінің Эпидемиология профессоры, доктор С.Джей Ольшанский (S.Jay Olshansky) «біздің неше жасқа дейін өмір сүре алатынымыздың шегі бар, ол шамамен 85 жылды құрайды» дейді.
«Дененің бөліктері, соның ішінде ми ұзақ қолдануға арналмаған», – дейді доктор. «Біз өмір шекараларын кеңейту салдарларын көрудеміз: Альцгеймер ауруы, деменция белең алуда, буын мен санға қатысты проблемалар, бұлшықет массасының жоғалуы байқалуда».
«Бұл сәтсіздіктің емес, сәттіліктің салдары», – деп атап өтті ол.
Доктор Ольшанский өмірдің өзін жай ғана ұзартуды емес, салауатты әрі белсенді өмірді ұзартуды жақтайды.
Бәріміздің тағдырымызға өлу жазылған. Ақыл-есі дұрыс ғалымның бірде-бірі адамның өлмейтініне сенбейді.
Дегенмен біз салауатты кәрілікті қамтамасыз етуге бұрынғыдан әлдеқайда жақынбыз.
«Клиникалық сынақтарға немесе оларды жоспарлауға қартаюдың әртүрлі себептерін анықтаумен айналысатын ондаған компания қатысуда», – дейді доктор Синклер.
«Мен болашаққа оптимистік көзқараспен қараймын және таяу жылдары бізді бұл салада зор жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін!»
В разделе собраны статьи об эффективности применения пептидов, а также с информацией о CLUB120